Аймақтар • 19 Маусым, 2018

Солтүстік Қазақсанда жаңа мешіт ашылды

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдаламасы шеңберінде шалғайдағы Андреевка ауылында Алла Тағаланың жердегі үйі пайдалануға беріліп, салтанатты жағдайда ашылды.

Солтүстік Қазақсанда жаңа мешіт ашылды

Игілікті шарада сөйлеген сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Тәуелсіздік кезеңінде «Мәдени мұра», «Халық–тарих толқынында» бағдарламалары бойынша тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғыртуда, төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі жинақтауда ұлан-ғайыр істер тындырылғанын, ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы бүгінгідей дүбірлі дүниеде  сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылу, ол үшін замана ағымына икемделу,жаңа дәуірдің жақсы сипаттарын бойымызға сіңіру, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты кілті–ұлттық кодты сақтай білу секілді кешенді міндеттер жүктегенін атап өтті. Ортақ қуанышқа жиналған жұртшылықты ауыл өміріндегі айтулы оқиғамен құттықтады.

«Қызылжар» мешітінің бас имамы  Кенжетай қажы Байкемелұлы Жаратқанның қолдауымен іске қосылған ғибадатхана мұсылман жамағатының бес намаз парызын  қаза қылмайтын құтты орнына айналатынына сенім білдірді. Мешіттің молдасы Зұлқайнар Ергашевтің қолына Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының бас  мүфтиі Серікбай қажы Ораздың қолы қойылып, мөрі басылған тіркеу құжатын ұстатты.

Арнайы діни әзірліктен өткен имамға шаруашылықтар есебінен баспана тұрғызылып, жалақы тағайындалатын болды.

Елді мекенге ерекше көрік беретін биік мұнаралы, ай  құлақты мешіттің салынуына жәрдем жасаған– Біләловтар әулеті.  Оған есімі берілген Сұлтанғазы Біләлов марқұм еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болған. Кішіпейіл мінезімен, жомарт көңілімен, қолының ашықтығымен жұртшылық ілтипатына  бөленген. Адамға деген ерекше құрмет байлықпен бағаланбайтынын, қызметпен өлшенбейтінін көзі тірісінде дәлелдеп кеткен. Оның әкесі Біләл «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілген. Қазір газет-кітаптарда жиі басылып жүрген аталас туысы Мағжанның  жалғыз суретін Сұлтекең сақтап қалған.

Жаңа асханада ас беріліп, аруақтарға құран бағышталды.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»